Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258 Конституциялық заңы
1-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
1-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi
Мемлекеттiк Ту, Мемлекеттiк Елтаңба, Мемлекеттiк Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тiк бұрышты көгiлдiр түстi мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тiк жолақ түрiнде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесi алтын түстес. Тудың енi мен ұзындығының арақатынасы - 1:2.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгiлдiр түс аясындағы шаңырақ (киiз үйдiң жоғарғы күмбез тәрiздi бөлiгi) түрiнде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесiндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесi орналастырылған. Жоғарғы бөлiгiнде - бес бұрышты көлемдi жұлдыз, ал төменгi бөлiгiнде "Қазақстан" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесi, сондай-ақ "Қазақстан" деген жазу - алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнi - осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясында сақталады.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн дайындауды және пайдалануды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы
Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн дайындау және пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.
Ескерту. 2-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.
3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн бекiту
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Туының бейнесi (осы Конституциялық заңға 1-қосымша);
2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесi (осы Конституциялық заңға 2-қосымша);
3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң музыкалық редакциясы мен мәтiнi (осы Конституциялық заңға 3-қосымша) бекiтiлсiн.
2-тарау. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
4-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын пайдалану тәртiбi
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мынадай орындарда мiндеттi түрде көтерiледi (тiгiледi, орналастырылады):
1) Қазақстан Республикасының Президентi Резиденциясының, Парламентiнiң, Сенат пен Мәжiлiстiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Конституциялық Кеңестiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, мемлекеттiк ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкiлдiктерiнiң, сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi басқа да ресми мекемелерiнiң, шетелдегi мекемелерiнiң басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттiң протоколдық практикасына сәйкес көлiк құралдарында - ұдайы;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдiң, Мемлекеттiк хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының және жергiлiктi соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлiнiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң басшыларының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде - ұдайы;
3) Қазақстан Республикасының Парламентi Сенаты мен Мәжiлiсiнiң бiрлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталарының, Үкiметтiң үйлестiру және жұмыс органдарының отырыстары өтетiн залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының сот мәжiлiсi залдарында, орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың алқа отырысы залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк және үкiметтiк наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некенi тiркейтiн үй-жайларда - ұдайы;
4) мемлекеттiк органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда;
5) егер халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген болса, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң және олардың өкiлеттi өкiлдерiнiң қатысуымен халықаралық форумдар өтетiн ғимараттарда немесе үй-жайларда;
6) ресми адамдар ретiнде Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мiнген теңiз кемелерiнде, iшкi жүзу кемелерiнде және басқа да қатынас құралдарында;
7) Қазақстан Республикасында тiркелген кемелердiң бұлқынындағы ту ретiнде - белгiленген тәртiппен;
8) Қазақстан Республикасының әскери корабльдерi мен кемелерiнде - әскери жарғыларға сәйкес;
9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде және мекемелерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мерекелерi күндерiнде, ант қабылдау кезiнде;
10) мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк ұйымдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар өткiзетiн рәсiмдер, салтанатты және спорттық iс-шаралар кезiнде;
11) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында - жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсiмдерi кезiнде;
12) Қазақстан Республикасына мемлекеттiк және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердiң мемлекет басшыларымен, парламенттерi мен үкiметтерiнiң басшыларымен кездесу кезiнде.
Қарулы Күштердiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде, мекемелерiнде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттiк Туды пайдалану (тiгу, орналастыру) тәртiбi жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
Ғимараттарға тұрақты тiгiлген Мемлекеттiк Туға тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде жарық түсiп тұруға тиiс.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерiнiң еркi бойынша тiгiлуi мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Туының бейнесi мiндеттi түрде:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен;
2) Қазақстан Республикасының әуе кемелерiнде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында орналастырылады.
Мемлекеттiк Тудың бейнесi өзге де материалдық объектiлерде орналастырылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттiк Ту оның көлемiне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиiс.
Мемлекеттiк Ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен ауыстырылуға және жойылуға тиiс.
Мемлекеттiк Тудың бейнесiн қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да ұйымдар туларының геральдикалық негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.
Мемлекеттiк Тудың бейнесi Қазақстан Республикасы мемлекеттiк наградаларының, Ұлттық Банк банкноттары мен монеталарының элементi немесе геральдикалық негiзi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
4. Ұлттық аза тұтуға байланысты Мемлекеттiк Ту ұлттық аза тұту мерзiмi iшiнде тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсiрiледi.
Ескерту. 4-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.
5-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын және басқа да туларды Қазақстан Республикасының аумағында бiр мезгiлде пайдалану
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын шет мемлекеттердiң, қоғамдық бiрлестiктердiң және басқа да ұйымдардың туларымен бiр мезгiлде көтергенде (тiккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туының көлемi басқа тулардың көлемiнен кiшi болмауға тиiс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды.
2. Қоғамдық бiрлестiктердiң және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туымен бiрдей болмауға тиiс.
3-тарау. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
6-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын пайдалану тәртiбi
1. Мемлекеттiк Елтаңба мiндеттi түрде:
1) Қазақстан Республикасы Президентi Резиденциясының, Парламенттiң, Сенат пен Мәжiлiстiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, Қарулы Күштердiң әскери құрамаларының, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерi мен мекемелерiнiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкiлдiктерiнiң, сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi басқа да ресми мекемелерiнiң, шетелдегi мекемелерi басшылары резиденцияларының ғимараттарында - ұдайы;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдiң, Мемлекеттiк хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және жергiлiктi соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлiнiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң басшыларының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде - ұдайы;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенаты мен Мәжiлiсiнiң бiрлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталарының, Үкiметтiң үйлестiру және жұмыс органдарының отырыстары өтетiн залдарда, Конституциялық Кеңестiң отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының сот мәжiлiсi залдарында, орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың алқа отырыстары залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк және үкiметтiк наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некенi тiркейтiн үй-жайларда - ұдайы орналастырылады.
Қарулы Күштердiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде, мекемелерiнде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттiк Елтаңбаны орналастыру тәртiбi жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесi мiндеттi түрде:
1) Қазақстан Республикасының Президентi мен оның Әкiмшiлiгiнiң, Парламенттiң, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталары Бюроларының, Үкiметтiң және Премьер-Министр Кеңсесiнiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, Қарулы Күштердiң әскери құрамаларының, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерi мен мекемелерiнiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергiлiктi өкiлдi, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттiк ұйымдардың мөрлерi мен құжаттарының бланкiлерiнде;
1-1) нотариустардың мөрлерiнде;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, Үкiметiнiң, Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарында;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарына берiлетiн жеке куәлiкте, туу туралы куәлiкте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң қызметтiк куәлiктерiнде;
5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында;
6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен орналастырылады.
Мемлекеттiк Елтаңбаның бейнесi өзге де материалдық объектiлерде орналастырылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттiк Елтаңба оның көлемiне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиiс.
Мемлекеттiк Елтаңба ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен ауыстырылуға және жойылуға тиiс.
4. Осы Конституциялық заңда белгiленгеннен басқа жағдайларда мемлекеттiк емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкiлерiнде, мөрлерiнде және басқа да реквизиттерiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесiн пайдалануға тыйым салынады.
Мемлекеттiк Елтаңбаны қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.
Мемлекеттiк Елтаңбаның бейнесi әскери немесе өзге де мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдар үшiн белгiленген айырым белгiлерi мен нысанды киiм үлгiлерiнде, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларының элементi немесе геральдикалық негiзi ретiнде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдерi мен басқа да спорттық керек-жарақтарында пайдаланылуы мүмкiн.
Ескерту. 6-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.
7-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын және басқа да елтаңбаларды Қазақстан Республикасының аумағында бiр мезгiлде пайдалану
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы мен шет мемлекеттердiң елтаңбаларын немесе қоғамдық бiрлестiктiң, басқа да ұйымның елтаңбаларын (геральдикалық белгiсiн) бiр мезгiлде орналастырғанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының көлемi басқа елтаңбалардың көлемiнен кiшi болмауға тиiс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы басқа елтаңбалардан (геральдикалық белгiлерден) төмен орналастырылмайды.
4-тарау. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні
8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн пайдалану тәртiбi
1. Мемлекеттiк Гимн:
1) Қазақстан Республикасының Президентi қызметке кiрiскен кезде - ол ант бергеннен кейiн;
2) Қазақстан Республикасы Парламентi сессияларының ашылуы және жабылуы кезiнде;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мерекелерiне, сондай-ақ өзге де салтанатты iс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжiлiстердiң салтанатты ашылуы кезiнде;
4) теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;
5) Қазақстан Республикасы халқының өмiрiндегi аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметiне ескерткiштердi, монументтердi, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезiнде;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктерi мен өзге де ұйымдары өткiзетiн рәсiмдер, салтанатты және спорттық iс-шаралар кезiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы көтерiлген кезде;
7) Қазақстан Республикасына мемлекеттiк немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердiң басшыларын қарсы алу кезiнде - тиiстi шет мемлекеттiң мемлекеттiк гимнi орындалғаннан кейiн;
8) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсiмдерi кезiнде, сондай-ақ өзге де салтанатты iс-шаралар өткiзiлген кезде;
9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық iс-шаралар өткiзiлген кезде орындалады.
2. Қарулы Күштердiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде, мекемелерiнде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттiк Гимндi орындау тәртiбi жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
Ескерту. 8-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.
9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн орындау тәртiбi
1. Мемлекеттiк Гимн көпшiлiк алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында iс-шаралар өткiзген кезде Мемлекеттiк Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттiң заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергiлiктi салт-дәстүрге сәйкес орындалады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын салтанатты жағдайда көтеру және тiгу кезiнде Мемлекеттiк Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерiн Туға қарай бұрады.
2. Мемлекеттiк Гимндi оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн ықшамдап орындауға жол берiледi.
3. Мемлекеттiк Гимн бекiтiлген мәтiнi мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестiкпен мемлекеттiк тiлде орындалады.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнi мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.
5-тарау. Мемлекеттік органдардың құзыреті
10-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
Үкiметтiң құзыретiне:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының осы Конституциялық заңда бекiтiлген ұлттық стандарттарға және олардың бейнелерiне сәйкес келетiн эталондарын дайындау жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
2) Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтiн Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерiн бекiту;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын және олардың бейнелерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнiн орналастыру ережелерiн бекiту;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi саласындағы уәкiлеттi органды айқындау;
5) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
Ескерту. 10-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.
11-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi саласындағы уәкiлеттi органдардың құзыретi
1. Техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының ұлттық стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының эталондарын әзiрлейдi;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын және Мемлекеттiк Елтаңбасын дайындау жөнiндегi қызметтi лицензиялауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен лицензиаттың лицензияда көрсетiлген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн пайдалану мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтiн Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерiн әзiрлейдi;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын және олардың бейнелерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнiн орналастыру және пайдалану ережелерiн әзiрлейдi;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.
12-бап. Жергiлiктi атқарушы органның құзыретi
Жергiлiктi атқарушы орган Қазақстан Республикасы мемлекеттiк рәмiздерiнiң тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында пайдаланылуын (тiгiлуiн, орналастырылуын ) бақылауды жүзеге асырады.
6-тарау. Қорытынды ережелер
13-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiне құрметпен қарауды қалыптастыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн құрметтеуге мiндеттi.
2. Азаматтыққа және отансүйгiштiкке, өз Отаны - Қазақстан Республикасына деген сүйiспеншiлiкке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн құрметтеудi қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәнi мен маңызын түсiндiру мақсатында оларды оқыту жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беру ұйымдарының негiзгi жалпы бiлiм беру бағдарламаларына енгiзiледi.
Жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнектi орынға ұдайы Мемлекеттiк Ту тiгiледi, Мемлекеттiк Елтаңба не олардың бейнесi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мемлекеттiк тiлдегi мәтiнi орналастырылады.
14-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын дайындау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен берiлген тиiстi лицензиясы болған жағдайда жүзеге асырылады.
15-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн дайындауды және пайдалануды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн дайындауды және пайдалануды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.
16-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi.
2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы" 1996 жылғы 24 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 1, 178-құжат; 1997 ж., N 12, 193-құжат; 2006 ж., N 1, 1-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
"Қазақстан Республикасының
мемлекеттiк рәмiздерi туралы"
2007 жылғы 4 маусымдағы N 258-III
Қазақстан Республикасының
Конституциялық заңына
1-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы
"Қазақстан Республикасының
мемлекеттiк рәмiздерi туралы"
2007 жылғы 4 маусымдағы N 258-III
Қазақстан Республикасының
Конституциялық заңына
2-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы
"Қазақстан Республикасының
мемлекеттiк рәмiздерi туралы"
2007 жылғы 4 маусымдағы N 258-III
Қазақстан Республикасының
Конституциялық заңына
3-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң
музыкалық редакциясы
Әннiң авторы Шәмшi Қалдаяқов
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк гимнiнiң мәтiнi
Сөзiн жазғандар: Жұмекен Нәжiмеденов,
Нұрсұлтан Назарбаев
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерлiктiң дастаны,
Елiме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой.
Қайырмасы:
Менiң елiм, менiң елiм,
Гүлiң болып егiлемiн,
Жырың болып төгiлемiн, елiм!
Туған жерiм менiң - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерiм бар.
Бiрлiгi жарасқан,
Тәуелсiз елiм бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгiлiк досындай.
Бiздiң ел бақытты,
Бiздiң ел осындай!
Қайырмасы:
Менiң елiм, менiң елiм,
Гүлiң болып егiлемiн,
Жырың болып төгiлемiн, елiм!
Туған жерiм менiң - Қазақстаным!